Қазақстанда автокөлік нөмірін ұрлағандарға қатысты жаза қатаңдатылады
Елімізде бұдан былай автокөлік нөмірін ұрлағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ондай адамдарды қылмыскер тарапына енгізіп, үлкен көлемде айыппұл салу немесе бас бостандығынан айыру көзделіп отыр. Аталған заң жобасы келер жылы қабылдануы мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро”бағдарламасына сілтеме жасап.
Қазақстанда соңғы кездері көше бойында тұрған көліктердің нөмірін ұрлап, сол үшін ақша бопсалайтындар көбейген. Алайда көп жағдайда автокөлік нөмірлерін ұрлағандарға қатысты қылмыс дерегінің болмауына байланысты бұл істер жылы жабылып қалады. Сондықтан құқық қорғау органдары әзірге мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің ұрлануын болдырмау амалдарын айтып, кеңес береміз дейді.
“Автокөліктерді күзетілетін тұрақтарға немесе бейнекамералар орнатылған жарық жерлерге қалдыруға кеңес береміз. Ал оталдыру кілтін қалдыруға болмайды. Ол көлік нөмірін ұрлайтындарға пайдалы болады. Көлік нөмірі ұрланса тез арада полицияға хабарласса, соғұрлым қылмыскер де тез табылады”, – деді СҚО Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Марат Халимулин.
Сонымен қатар бұдан былай көліктің мемлекеттік тіркеу белгісін ұрлайтындардың жазасы қатаңдатылады. Енді автокөліктердің мемлекеттік нөмірлерін ресми құжат пен мөртаңбаларға теңестіру көзделген. Сәйкесінше көліктің мемлекеттік тіркеу белгісін қолды етіп, жойып, бүлдіріп немесе жасырған адамға 160 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 552 000 теңге айыппұл салынады. Немесе айыппұлдың орнына түзету, қоғамдық жұмыстар тағайындалады. Сондай-ақ 40 тәулікке қамалуы мүмкін.
Ал мемлекеттік нөмірді жоғалтып алған автокөлік иесінің жайы не болары әзірге белгісіз. Қазір заңнамаға енгізілетін өзгерістер «Ашық» үкімет порталында қоғам талқысына ұсынылған. Содан кейін депутаттардың қарауына жіберіледі. Ал келесі жылы бұл өзгерістер қабылданып, заңды күшіне енгізілуі мүмкін дейді мамандар.