Екібастұзда апат кезеңінде пайдаланған электр қуаты үшін өтемақы төленеді
Барлық шығынды «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС иелері өз мойнына алады
Екібастұзда төтенше жағдай кезеңінде электр энергиясын пайдаланған 48 мың 957 абонентке өтемақыны атаулы есептеу туралы келісім жасалды. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Сіздермен бір жаңалықты бөліскім келеді. Өздеріңізге белгілі, зардап шеккен үйлердің тұрғындары қараша мен желтоқсан айларында жылыту төлемдерінен босатылды. Ендігі кезекте, электр энергиясының мәжбүрлі түрде өскен шығындарын өтеу мәселесі туындап отыр», — деді аймақ басшысы.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл мәселе бірінші вице-премьер Роман Васильевич Склярдың қатысуымен және «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС иелерімен бірге шешілді.
«ТЖ кезеңінде, яғни 27 қарашадан 8 желтоқсанға дейін 48957 абонент үшін пайдаланған электр энергиясына өтемақыны атаулы есептеу туралы келісімге қол жеткіздік. Енді біз есептеулерді және төлемнің бірыңғай мөлшерін анықтаймыз, оны тұтынушылардың жеке шоттарына аудару жолдарын қарастырамыз. Барлық шығындарды «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС иелері өз мойнына алады», — деп көрсетті Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.