Атырауда автокөлік мұз астына түсіп кетті
Атырауда жеке иеліктегі көлік мұз астына түсіп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тойота Хайлюкс» көлігінің Жайық өзенінде қатқан мұз астына түсіп кеткені туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, оқиға 7 желтоқсанда болған. Оқиға орнына шақырту сағат 13:10-да түскен.
Атырау қаласына таяу орналасқан Дамба ауылдық округіне қарасты Пешной учаскесі тұсында Жайық өзенінде мұз ойылып, автокөлік түсіп кеткені анықталған. Автокөлік өзен жағасынан 15 метр қашықтықтан табылған.
«Жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері сүйменмен мұзды ойып, автокөліктің артқы дөңгелегіне арқан байлап, жағаға шығарды. Мұз астындағы көлікті шығару жұмыстарына жедел құтқару жасағының 6 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды», — деп хабарлалы қоғаммен байланыс тобы.
Көліктің салонында ешкім болмаған.
«Жұқа мұз үстіне шығуға, топпен жиналуға, жырмаларға, жарықтарға, ойықтарға жақындауға, автокөліктермен арнайы жасақталған өткелдерден тыс жерге, яғни су айдындарына баруға болмайды», — деп мәлім етті қоғаммен байланыс тобынан.