Екібастұзда электр желілеріне түсетін жүктеме артқан
Бұған қала тұрғындарының жылытушы электр құрылғыларын тұтына бастауы себеп
Екібастұзда электр желілеріне түсетін жүктеме артқан. Оған себеп — қала тұрғындарының тұрмыстық жылытушы электр құрылғыларын жаппай қолдана бастауы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов жылу желілеріндегі апаттың тағы бір салдарын атады. Ол әріптестерімен бірге қаланың энергетикалық желілерін аралап, жүктеме көрсеткішін тексеру кезінде оның шекті көлемнен артып кеткенінің куәсі болғанын айтты.
Салыстыру үшін ол екі санды атады: 32 мегаватт – тіркелген орташа жүктеме, ал соңғысында бұл көрсеткіш 52-ге жеткен.
«Бірақ желілік компаниядағы әріптестеріміз дер кезінде әрекет еткен. Мысалы, шамадан тыс жүктемелерге байланысты нақты бір орындарда жарықты сөндіре тұруға мәжбүр болған. Бірақ бұл мәселе тез пысықталып, шешімін тапты», — деп атап өтті Сұңғат Есімханов.