Қарағанды шетіндегі ауылдың тұрғындары жайылымсыз қалды
Тұрғындарды су тасқынынан қорғамақ болған Қарағанды билігі қала шетіндегі жұртты жайылымнан қақты.
Жылда арнасынан асатын Соланка өзені биыл тереңдетілген. Алайда жер үйлер мен мал жаятын жерді бөліп тұрған өзенге өткел салынбапты. Енді тұрғындар төрт түлігін өріске шығара алмай отыр, деп хабарлады КТК.
«Осы жерден басқа мал өтетін жер жоқ. Мына жерді қазып жатыр, енді көктемге қарай су басады, мал өте алмайды. Жерге тас салып, мал өтетін жол жасаймыз деген. Жасаған жоқ. Әкімдер осы ауылдың барын білмейді де ғой деймін. Бізде не депутат жоқ, не әкім келмейді», — дейді Қарағанды тұрғыны Елеусіз Түсіпбаев.
Қала шетіндегі Рабочий кенті тұрғындары көктемде қызыл судан зардап шегеді. Сондықтан биыл өзен арнасын тереңдету жұмысы жүргізілген. Енді қала іргесіндегі 600-ге тарта үй қорадағы малын өзеннен өткізе алмай қалатын түрі бар. Қысқа дейін амалдауға болады. Ал көктемде су деңгейі көтерілгенде, малды өріске шығара алмай қалатын болдық дейді тұрғындар.
Бұл жұмысқа тапсырыс беруші – экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Олар тек өзенді тереңдетумен ғана айналыстық, көпір салу құзыретімізге кірмейді дейді.
Тұрғындар жергілікті билікке де сан мәрте арызданған. Бірақ тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы бөлімі көпір мәселесі қаланың құрылыс жоспарында жоқ дейді.
«Өзеннен өтетін көпір қаланың нақты жоспарында жоқ. Тиісінше, ол нысан ешкімнің балансына алынбайды. Ал жоспарда көрсетілмеген жерден көпір салуға бюджет ақша бөлмейді. Мүмкін сәулет бөлімі жер қатынастары бөлімімен бірлесіп, тексеріс, геология жұмысын жүргізуі керек шығар. Бірақ бұл бірер ай немесе жылдың шаруасы емес», — дейді Қарағанды қаласы комуналдық-шаруашылық бөлімінің бас маманы Жалғасбек Қаппасов.