Украинадағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері эвакуацияланады – СІМ
Онда қанша азаматымыздың бары белгісіз
Үкімет отырысының кулуарында Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украинадағы ел азаматтары туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Біз қазір Украинада қанша қазақстандық азамат бар екенін анықтап жатырмыз. Себебі соңғы оқиғаларға қатысты ол көрсеткіш өзгеріп отыр. Кеше Украинадағы Қазақстан елшілігі сондағы азаматтарға көмектесу мақсатында хабарландыру жариялағанын білесіздер», — деді Айбек Смадияров.
Ресми өкілдің айтуынша, алғашқы эвакуация кезінде көп адам елге келді. Бірақ олардың кейбіреуі қайта оралуы мүмкін.
«Қазір шекара ашық. Өмір жалғасып жатыр. Айтқанымдай, көбі алғашқы эвакуация кезінде елге оралды. Елшілік жұмыс істеп тұр. Қазір елшілікті жабу емес, біздің елшілік қызметкерлерін эвакуациялау мәселесі тұр. Бұл мәселе жақын күндері шешіледі. Толық эвакуация болуы мүмкін. Қандай қалаға екені әзірге белгісіз», — деді Смадияров.
Айта кетейік, Украинадағы Қазақстан елшілігінде жедел желі жұмыс істеп тұр.