Госорганы

970 млрд теңге қазынаға аударылмаған

Ол холдингтер мен ұлттық компаниялар Парламентке осы бойынша есеп беруі керек деп есептейді

«AMANAT»  партиясының атынан сайланған депутат Мархабат Жайымбетов депутаттық сауалында холдингтер мен ұлттық компаниялардың дивидендтік табыстары бойынша Парламентке ашық есеп беруі керек деп есептейтінін айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Президент Ұлттық әл-ауқат қорына қатысты сатып алудың тиімсіз жүйесі, еңбек жанжалдары, залалдылық, ауқымды жобалардың аяқталмауы, күтіп-ұстауға жұмсалатын шамадан тыс шығындар, яғни бұл мәселелерге қоғамның наразылығы бар екені туралы айтып, Үкіметке және жауапты органдарға тапсырмасын берді. Сонымен қатар 2020 жылы Мемлекет басшысы ұлттық компанияларға жылына таза кірісінің 100%-іне дейін дивидендтер төлеуі тиіс екенін атап өтті. Осыған орай, Үкіметтің «Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне дивидендтер туралы» қаулысына түзетулер енгізілген болатын. Алайда айтылған сынға, берілген тапсырмаға біраз уақыт өтсе де Ұлттық әл-ауқат қорының мемлекет бюджетіне қаражат бөлуі көңіл көншітпей отыр», — деді ол.

Депутат атағандай, 2022 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мемлекетке берілетін пайданың 70%-нің орнына тек 10%-ін ғана төлеген.

«Нақтырақ тоқталсақ, 1 трлн 629 млрд теңге таза табыстың 170 млрд теңгесін қайтарып отыр. Ал тапсырма бойынша, бюджетке 1 трлн 140 млрд теңге қайтару қажет еді. Яғни, 970 млрд теңге мемлекет қазынасына аударылмаған. Бұл қаражат республикалық бюджетке құйылса, елдің әл-ауқатын көтеретін жобаларды іске асыруға бағытталатын еді. Өкінішке қарай, әлі де Ұлттық әл-ауқат қорына қарасты компаниялардың табыстары туралы ашықтық пен жариялылықты сақталмай отыр. Мысалы, 2022 жылы Air Astana басшысы өзіне 394 млн теңге сыйақы төлегені туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жарыса жазды. Ал «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының деңгейімен салыстыруға келмейтін «Отбасы Банк» мемлекетке 67 млрд теңгеден астам қаражат қайтарды», — деді ол.

Жайымбетов «AMANAT» партиясы Жолдаудың маңыздылығын ескеріп, Мемлекет басшысының жаңа экономикалық саясатына қолдау көрсетіп,  мемлекеттің қаржысын оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермеу үшін бүкіл қоғамның күш-жігерін жұмылдыруға шақыратынын атап өтті.

«Осыған байланысты, мына ұсыныстарды назарға алуыңызды сұраймын. Дивидендтік саясаттағы жүйелілік кемшіліктерді қайта реттеу қажет. Ұлттық әл-ауқат қоры мемлекетке берілетін 70% пайдасын толық қайтаруды және қайтарылған қаражатты «Жайлы мектеп» жобасына немесе әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне жұмсауды ұсынамын. Холдингтер мен Ұлттық компаниялардың дивидендтік табыстары бойынша Парламентке ашық есеп беруін қамтамасыз ету аса маңызды екенін де атап өткім келеді», — деді ол.

Другие новости

Back to top button