Актюбинская область

87 миллион бөлінсе де, Ақтөбеде бүтін бір көше сусыз қалған

Бүгінде жобаны сараптамадан өткізіп жатыр

Ақтөбеде бүтін бір көше тұрғындары сусыз отыр. Осыдан төрт жыл бұрын Қарғалы тұрғын үй алабына су желісі тартылған. Бірақ елдімекен ортасындағы кейбір үйлерге құбыр тартылмай қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

«Барлық көшеде бар да, бізде – жоқ. Аралда қалған сияқтымыз. Ал енді осы 21 ғасырда су болмаған деген өте қиын. Біз суды тасып ішеміз. Маржанбұлақтан бір шелек, мына жақта автоматтан он теңгеге сатып алып ішіп отырмыз», — деді қала тұрғыны Қазыбек Айбасов.

Тұрғындары шөлдеп отырған көшенің аты – Далалық. Қаланың ішінде тұрсақ та, аула ішінен құдық қазып қор болдық дейді мұндағылар. Бірақ ол құдықтың суы да ішуге жарамайды. Тек кір-қоңын жууға пайдаланады. Ал ауыз суды сатып алады, не тасып ішеді. Төрт жыл бұрын тартылған су желісі осы күнге дейін қосылмаған. Кезінде қазынадан ол үшін 87 миллион теңгедей қаражат бөлініпті. Бірақ мердігер жұмысты толық аяқтамады. Әр үйге құбыр тартылмай, орталық су желісін тіпті сынақтан да өткізбепті. Енді әкімдіктегілер тендер ұтқан компания олқылықтарды қайта жөндейді деп сендіріп отыр. Сонымен қоса бұл жобаға бюджеттен тағы қосымша қаржы бөлінетін болады. Бірақ тұрғындардың тағы бір қыс шыдауына тура келеді.

«Негізгі құбырдан әр үйге су тартуды жүзеге асыратын жоба жасалды. Бүгінде жобаны сараптамадан өткізіп жатыр. Сараптамадан өтіп, қажетті қаражат бөлінгеннен кейін жұмыс жалғасады», — деді Ақтөбе құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Жантөрин.

Другие новости

Back to top button