«7-қабаттан лақтырған»: Ақтөбеде қызынан айырылған ана күдікті ақталып кете ме деп қорқады
Марқұм Әйгерім Орынбасарованың денесі көпқабатты үйдің жанынан табылған
Ақтөбеде 20 жастағы қызынан айрылған анасы тергеуді аяқтап, күдіктіні сотқа тартуды талап етуде. Студентті жетінші қабаттан лақтырып жіберді деп айыпталған жігіт ақталып кете ме деп қорқады, деп хабарлайды AzattyqRuhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Қылмыскер бәлкім, жазадан құтылып кету үшін бе екен, изоляторда қaзақ отыр. 99-бапты алдырып тастау үшін сараптамасын созып отырған шығар? Іс сотқа жіберілгенін талап етемін. Қанішер, жауыз, тиісті жазасын алу керек», — дейді Жанаргүл Бәйімбетова,
Марқұм Әйгерім Орынбасарованың денесі осыдан жеті ай бұрын көпқабатты үйдің жанынан табылған. Алғашқыда оны биіктен секіріп өлді деп мәлімдеген.
Кейін жақындары кісі қолынан өлгенін айтып шу шығарды. Себебі, сол күні әскерден келген сыныптасы пәтерге алдап шықырып алыпты. Сол жерде ұрып-соғып, қымбат телефоны мен өзге де заттарын тонаған. Сол пәтердің ішінен бастап, подъездегі кіреберіске дейін қан-жоса болған.
Сау-тамтығы қалмаған қыздың сүйегін молдалар үйде емес, мешітке апарып жуыпты. Енді қара жамылған ана тұңғышын өлтірді деген жігітті тергеу тым созылып кетті деп отыр.
Осы уақытқа дейін оннан аса сараптама тағайындалған. Марқұмның туыстары дәлел, айғақ жетеді дейді. Ал соттағылар күні кеше тағы сараптама тағайындадық деп отыр. Күдіктіні қамауда ұстау уақытын да ұзартыпты.
«Сот бір ай мерзімге, яғни 2023 жылдың 13 қаңтарына дейін күзетпен ұстау мерзімін санкциялады. Сонымен қатар Ақтөбе қаласының мамандандырылған тергеу сотының 14 желтоқсандағы қаулысымен, күдікті қорғаушысының қосымша сот-медициналық қылмыстық сараптама тағайындау туралы өтініші қанағаттандырылды», — деді Ақтөбе облысы сотының баспасөз хатшасы Айжамал Сүндет.