Выбор редакцииЭкология

Жыл сайын 100 млн гектар шұрайлы жер жарамсыз территорияға айналады

Бүгін Өзбекстанның Самарқан қаласында БҰҰ-ның Шөлейттенумен күрес жөніндегі конвенциясын (CRIC 21) іске асыруды қадағалау комитетінің 21-ші сессиясы басталды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Ауқымды шараға 196 елден 500-ге жуық делегат қатысып жатыр. Айта кетейік, бұл – Шөлейттенумен күрес конвенциясына қол қойған елдердің алғашқы кездесуі.

Сессияда сөз алған Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева Президент Шавкат Мирзиёевтің отырыс қатысушыларына арнаған хатын оқып берді.

«Өзбекстан және тұтастай алғанда Орталық Азияның бүкіл өңірлері климаттық өзгерістің аса ауыр зардабын тартып отыр. Шаңды дауылдардың географиясы кеңейіп, ауа мен жердің сапасы айтарлықтай нашарлап, су қоры азайды, флора мен фаунаның ерекше түрлері жоғалды. Бүгін біз бүтін бір ұрпақтың көз алдында жойылып бара жатқан Арал теңізі жаһандық апатының ауыр салдарымен күресіп келеміз. Осы қауіптер және өзге де көптеген факторлар біздің өңірдің ғана емес, бүкіл әлем халқының әл-ауқаты мен денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін бірлесе күш жұмсап, әріптестікті нығайту қажет», — делінген Шавкат Мирзиёевтің форум қатысушыларына арнаған хатында.

Сондай-ақ, форумға қатыстқан БҰҰ-ның Шөлейттенумен күрес жөніндегі конвенциясының атқарушы хатшысы Ибрагим Тиау 2015 жылдан бері 4 млн шаршы шақырым шұрайлы жер жарамсыз территорияға айналғанын айтты.

бұұ
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Бүкіл әлемде құрғақшылық, дала өрттері және жаһандық жылыну деңгейінің күрт артқанын байқап отырмыз. 2015 жылдан бастап шамамен 4 млн шаршы шақырым сау әрі шұрайлы жер жарамсыз болып қалды. Мысал үшін, бұл аумақ Орталық Азияның алып жатқан территориясына тең. Жыл сайынғы шығын — шамамен 100 млн гектар. Сондықтан қазіргі тенденцияларды сақтай отырып, 2030 жылға қарай 1,5 млрд гектар жерді қалпына келтіру қажет болады», — деп мәлім етті Ибрагим Тиау.

Өзбекстанның Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрі Азиз Абдухакимов болса жердің шөлейттенуін тоқтату жұмысы нәтиже бере бастағанын сөз етті.

құрғақшылық
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Климаттың өзгеруі мен адами фактордан болған теріс салдар табиғатқа жанашырлықпен қарау қажеттігін ұғындырып отыр. Қоршаған ортаны қорғау — Өзбекстан үкіметінің басты стратегиялық басымдықтарының бірі саналатынын атап өткім келеді. Біз жер деградациясын тоқтатуға тырысып жатырмыз және алғашқы нәтиже де жаман емес», – деді Азиз Абдухакимов.

Айта кетсек, БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы конвенциясы қуаңшылық, жер деградациясы және құрғақшылықпен бірлесе күресу үшін қабылданған.

Ол 196 елді қамтиды.

Конвенция 1994 жылы 17 маусымда Парижде өткен БҰҰ Қоршаған орта және даму конференциясының нәтижесінде қабылданған.

Другие новости

Back to top button