4 млн теңгелік тірі құмырсқаны сатпақ болғандар ұсталды: олар Кенияда қамауда отыр

Кенияда мыңдаған тірі құмырсқаны шетелге заңсыз алып шықпақ болған төрт адам сотталатын болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Reuters-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«KWS» жабайы табиғатты қорғау қызметінің мәліметінше, Еуропа мен Азияның экзотикалық жануарлар нарығына арналған тірі құмырсқаларды, оның ішінде Messor Cephalotes деп аталатын алып африкалық құмырсқаларды модификацияланған түтіктер мен шприцтерге жасырған. Ол жерде жәндіктер екі айға дейін өлмейді.
Тінту барысында 2244 контейнерге салынған 5000-нан астам аналық құмырсқа табылған. Олардың нарықтағы құны шамамен 1 миллион кениялық шиллингке (шамамен 7800 АҚШ доллары) бағаланып отыр.
Айыпталушылар кінәсін мойындаған, қазір қамауда отыр, олардың соты 23 сәуірде өтпек. Бельгиялық айыпталушы Дэвид Лорной «біз бұл елге заң бұзу үшін келмеген едік, ақымақтық жасадық» деп соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Дереккөздің бірі Messor Cephalotes түрін экспорттау үшін Кенияның Жабайы табиғатты қорғау қызметінің (KWS) лицензиясы мен санитарлық сертификат қажет екенін хабарлаған. Айтуынша, дәл осы құмырсқа Кения аумағында таралған, бірақ тез табыла қоймайтын жәндік, әлемде жоғары сұранысқа ие екен.
Ұлыбританиядағы мамандандырылған AntsRUs дүкені Messor Cephalotes түрін «оларды сыртынан бақылаған өте қызық» деп сипаттайды. Бұл түрдің аналықтары ұзындығы 20-24 мм жетіп, қызыл-қоңыр-қара түсті әдемі реңімен ерекшеленеді. Сайтта бір аналықтың бағасы 99,99 фунт стерлинг (шамамен 132 АҚШ доллары) деп көрсетілген, бірақ қазіргі уақытта сатылымда жоқ.