«4 миллиард теңге жұмсадық»: БҚО-да тұрғындар бірнеше жыл күтіп жөндеткен жолдың бір айдан соң бұзылғанына наразы
БҚО тұрғындар ұзақ жылдар бойы күтіп, кейін жөнделген жол бір айдан кейін жарамсыз қалыпқа түскен. Мердігер бұған еншілес әріптес компанияны кінәлауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жергілікті тұрғындар облыстық «Тасқала-Аққурай-Болашақ» жолының жөндеу жұмыстарын ондаған жылдар бойы күтті. Ол ақыры 2022 жылы жасалып біткен. Бірақ бір айдан кейін қайта бұзыла бастаған. Алғашқы 50 шақырымды жөндеген мердігер Жарас Ахметов мұның бәріне қалған учаскені қалпына келтіруді қолға алған компанияның кінәлі екенін айтты. Енді құрылыс материалдарын таситын ауыр жүк көліктері жаңа асфальтты аяусыз қиратуда.
Мердігер ауыр жүк көлігі жүргізушілерін амалсыздан жеке өзі тоқтауға тура келгенін айтады. Олардың айналма жолмен жүруін талап етеді екен. Өйткені солардың кесірінен жөнделген 50 шақырым жолдың 30-ын қайта жөндеуге тура келген.
“Жүргізушілер бізді тыңдамайды, олар компания басшылығына сілтейді. Басшылық құрылыс материалдарын тасымалдауға рұқсат берілгенін айтуда. Бірақ біз бұл рұқсатты көрмедік. Енді барлық шығынды өз қаражатымызға түзетуге мәжбүрміз. Өйткені бұл жолға үш жылдық кепілдік берілген. Біз көп шығынға ұшырап жатырмыз”, – деді мердігер Жарас Ахметов.
Кәсіпкер бюджеттен миллиардтаған теңге бөлінсе де жол жөндеу кезеңінде бірден бұзылғанына шенеуніктердің жүк көліктерінің мәселесін шеше алмай отырғанын айтады.
“Фактілер болды. Бірақ біз оларды ұстай алмай отырмыз. Бақылауға шыққан кезде олар бұл туралы әйтеуір біліп қояды да сол күні материалды тасымалдамайды. Бұл жолға біз 4 миллиард теңге жұмсадық. Сондықтан оның халық үшін ұзақ сақталуына өзіміз де мүдделіміз”, – деді БҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлия Қабенова.
Жақында көлік қызметкерлері бір ауыр жүк көлігін ұстап, жүргізушіге 300 мың теңге айыппұл салған. Бірақ сарапшылар жүк көлігінің бұл жолмен жүруі өзекті мәселе болып қала беретінін айтады.
“Жыл басынан бері ірі көлемді көліктерді тасымалдау ережесін бұзудың 98 фактісі тіркеліп, 32 миллион әкімшілік айыппұл салынып, 450 миллион теңгеден астам жол ақысы өндірілді”, – деді Көлікті бақылау инспекциясының маманы Жаслан Жұмашев.