Госорганы

4-5-сынып оқушылары кедергісіз насыбай атып жүр — депутат дабыл қақты

Ол бұл үрдісті ауыздықтауды ұсынды

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бұл депутаттық сауалда көтерілетін мәселе емес еді. Алайда 4-5 сынып оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін көріп, еріксіз дабыл қағуға мәжбүрміз. Заңда тыйым салынғанына қарамастан, бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылуда. Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш етектен. Оның үстіне, бүгінде формасын өзгертіп, кәдімгі қалташадағы шай секілді қораптап, шақшалап, түрлендіріп ұсынуда. «Жевательный табак», «Снюс», «Шайба» деген атаулармен таралуда», — деді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутат атағандай, насыбай – не мәдениетке, не әдепке, не гигиенаға сай келмейтін жиіркенішті қалдықтардан жасалатын зат.

«Өкінішке қарай, бұрын оны тек үлкен адамдар ататын болса, қазіргі кезде мұнымен балғын жастар, тіпті болашақ ана болар қыздар да әуестенетін болған. Олардың саны жыл сайын артуда.  Бұған қоса, ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да бұл кері әдеттің қалыпты жағдайға айналғанын қалай түсінуге болады?!Кейбір деректер бойынша, халықтың 10 пайыздан астамы насыбайды қолданады екен», — дейді Амантайұлы.

Депутат насыбай құрамында қандай заттардың бар екенінің нақты белгісіз болуы да қауіпті деп санайды.

«Егер темекі халықаралық стандарттарға сай құрамы көрсетіліп дайындалатын болса, ал насыбайдың құрамына қатысты мұндай стандарт жоқ. Сондықтан оның жасалу жолы да, өндіріс орны да беймәлім, бақылаудан тыс қалған. Әдетте, оның құрамында химиялық заттар, әк, сексеуіл, арша, тобылғы ағаштарының күлі болады. Уытын арттыру үшін тауықтың саңғыры, түйенің тезегі де қосылады екен. Насыбайды мұқият зерттеген мамандар бұдан бөлек, оған есірткі мен психотропты заттардың да қосылғанынанықтаған. Бұлардың тұтынған адамды тез тәуелділікке ұшырататыны сөзсіз. Швед ғалымдары да бұған зерттеу жүргізіп, насыбайдың құрамынан хром, никель, кадмий, қорғасын, күшәла секілді химиялық заттардытапқан. Бұлардың барлығы да қалыпты мөлшерден әлдеқайда артық болған», — деді ол.

Дәрігерлер насыбай атудың адамды тәуелділікке ұшыратумен қатар, түрлі ауруларға да душар ететінін айтып келеді. Тіптен ол қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апаратыны да  ғылыми дәлелденген.

«Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, насыбай тұтыну ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеледі екен. Олар соңғы кездері насыбайдың салдарынан қатерлі ісікке шалдыққандар арасында жастардың көбейіп кеткенін жеткізді.Сондықтан елді улап отырған бұл қатерлі дертті ауыздықтап, оның таралуына мүлдем тосқауыл қою қажет.Атап өткеніміздей, елімізде насыбайға заң жүзінде шектеу қойылғанымен, орындалуында осалдық танытып отырмыз», — деді ол.

Мәселен, насыбай саудасымен ұсталғандарға әуелі ескерту жасалып, кейіннен небәрі 5 айлық есепті көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салынады екен.

Ал шағын және орта кәсіпкерлерге салынатын айыппұл мөлшері – 20 айлық есептік көрсеткіш қана. Саудагерлер мұны шыбын шаққан құрлы көрмей отыр.

Депутат жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, оны ауыздықтау үшін келесі шараларды қолға алуды ұсынды:

  • Қазақстан Республикасның Үкіметі насыбайға қатысты заң талаптарын барынша қатаңдатып, оған мүлдем тыйым салу жөніндегі шараларды қолға алуы қажет.
  •  Қазақстан Республикасның Ішкі істер министрлігі еліміздің сауда орындарына арнайы рейд жүргізіп, заңсыз насыбай саудалаушыларды анықтап, тиісті шара қолдануы қажет.
  •  Қазақстан Республикасның Денсаулық сақтау министрлігі қолданыстағы насыбайдың құрамын зерттеп, оның адам денсаулығына тигізетін зияны туралы қорытынды әзірлеуі және өзге де жауапты мекемелермен бірлесіп, халық арасында кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек.

Другие новости

Back to top button