Талдықорғандағы білім саласына қатысты жемқорлық қылмыстары 4-5 жыл бұрын басталған
Талдықорған қаласында білім беру саласындағы жемқорлық қылмыстары 4-5 жыл бұрын басталған. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингі кезінде журналистер облыс басшысынан неге білім саласында жемқорлық фактілері жиілеп кеткенін сұрады.
«Талдықорған қаласында білім саласында жемқорлық әрекеттері неге көбейіп кетті деген сауалдың жауабын бірге іздейік. Бұл тек Талдықорған облысында ғана бар деп ойламаймын. Ол ескі саяси жүйенің, ескі мемлекеттік басқару кезеңінде көптеген өңірлерімізде тек қана білім беру емес, денсаулық сақтау, мәдениет, құрылыс, теміржол, автожол саласында да мұндай былықтар шығып жатыр», — деп жауап берді Бейбіт Исабаев.
Оның айтуынша, Талдықорған қалалық білім бөлімі бухгалтерлерінің жемқорлық әрекеттері ертеде басталған.
«Былтыр желтоқсанда бұл туралы (жемқорлық қылмысының белгілері – автор түсіндірмесі) ақпарат алдық. Кейін ешкімге айтпай, жабық тексеру жүрді. Ақыры барлығы қолға түсті. Енді қазір олар өз кінәсін мойындап, тергеу жүріп жатыр. Жалпы білім саласындағы қылмыстарды зерттеп келсек, олар кемінде 4-5 жыл бұрын басталған. Яғни 4-5 жыл бұрын жан басына шаққандағы қаржыландыру басталғаннан бері осындай қылмыстық топ ұйымдаса бастаған», — деді облыс әкімі.