«34 млн теңге жымқырған»: Таразда шенеуніктер 8 жылға сотталды
Тараз қаласының прокуратурасы қала көшелерін жөндеуге бөлінген бюджет қаражатының жымқырылғанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы З.Тұрсынұлы және «АлматыМонтажСтрой» ЖШС директорының орынбасары Е.Шлеев қала көшелерін орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде 34,2 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған», — деп хабарлады Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша Тараз қаласының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (жымқыру) бойынша қылмыстық істі тіркеп, тергеп-тексеру облыстық прокуратурамен жүргізілді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді.
Тараз қалалық №2 сотының 05.02.2024 жылғы үкімімен З.Тұрсынұлы мен Е.Шлеев Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.