Культура

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Ашаршылық жылдарында елімізде 2 млн адам аштықтан ажал құшқан

31 мамырда Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

1997 жылдан бері атап өтілетін бұл күні ел тарихындағы ең азалы кезеңді еске алып, кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясатынан зардап шеккен миллиондаған адамның рухына тағзым етіледі.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1921-1954 жылдар аралығында КСРО-да «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталса, олардың 642 мыңы ату жазасына кесілген. Солақай саясаттың құрбанына айналғандар арасында ұлт зиялылары да бар.

«Халық жауларын анықтау» саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталған, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді.

Қуғын-сүргін құрбандарының жақындары да қатаң саясаттың зардабын тартты. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды.

Жалпы еліміздің аумағында он бір еңбекпен түзеу лагері болды.

Репрессия жылдары қазақ жеріне тұтас халықтар жер аударылды. ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанға миллиондаған адам күшпен көшіріліп әкелінген. Олардың қатарында корейлер, финдер, немістер, поляктар, күрдтер мен қарашайлар, месхеттік түріктер, кавказдықтар және басқа да көптеген ұлыстар бар.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс басталды. Тәуелсіз республикада қабылданған алғашқы заңдардың бірі 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң болды.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қасірет мекені КАРЛАГ пен АЛЖИР-де тоталитарлық жүйенің шексіз қатігездігін үнемі еске салып тұратын тарихи мемориалды кешендер ашылды.

2020 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру.

2022 жылы мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесінде саяси қуғын-сүргін тарихына арналған материалдар мен құжаттардың 31 томдық жинағы жарық көрді. Кітаптар ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының түрлі санаттарына қатысты бұрын жарияланбаған архив құжаттары мен материалдарынан құралған.

Мемлекеттік комиссия қуғын-сүргін құрбандарының тарихын зерттеу, архив құжаттарын цифрландыру және электронды қорларды қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастырады.

Сондай-ақ 31 мамырда 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған ашаршылықтан қаза тапқандарды да еске алу күні ретінде аталып өтеді.

Ұжымдастыру салдарынан республикада 40 миллионнан астам мал басы қырылды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам қырылып қалды. Кейбір деректер бойынша ең кемі 2 млн адам аштықтан ажал құшқан. Ал 200 мың қазақ басқа мемлекеттерге көшіп кетті. Кейбір ауылдар түгелімен жоқ болып кетті.

Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына 1970 жылдары ғана әрең қол жеткізді.

Дереккөз: БАҚ беттерінен

Другие новости

Back to top button