«Тырма жоқ, саусақпен тазалаймыз»: Таразда қала тазалықшылары еңбек жағдайының жасалмағанына наразы
Таразда қаланы тазалайтын азаматтарға күл-қоқыс жинап, көше сыпыруға арналған қарапайым құрал-жабдықтар жетіспейді. Барының өзі бүтін емес. Бұл туралы “Информбюро” бағдарламасы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Жұмысшылардың айтуынша, бір күрекке он адам таласса, тісі жоқ тырманың орнына саусақтарымен жер тырмалап жүр екен. Қап берілмей қоқысты қалтамызға саламыз дейді.
Бір арбада тұрған екі күрек, үш тырма, бір сыпырғыш бүкіл Жеңіс саябағына бөлінген құрал. Ал жұмысқа елу адам жұмылдырылған. Бірақ көбі адам қарасын көбейтіп құр жүр. Жалқаулықтан емес жағдайдың жоқтығынан. Сыпыра-сыпыра сабы қалған сыпырғыш, тісі кетік тырма, сынық күрек, тозған техниканы басшылыққа талай айттық дейді жұмысшылар. Алайда өзгерген дәнеңе жоқ болса да, мұнтаздай тазалықты талап ету өзгермепті. Қоғамдық жұмысшылар Таразға Астанадан мәртебелі меймандардың жиі келуін тілейді. Өйткені сол күні су жаңа құрал-сайманды болып қаламыз дейді.
“Бірақ кеше Президент келген кезінде біз алғанбыз. 15 тачка, 10 шақты күрек. Президент саябағы, Көне Тараз арбаты сияқты аймақтарға бөлінген”, – дейді «Жасыл Ел» ЖШС демалыс орындары және көше тазалығын сақтау меңгерушісі Арайлым Арыстанова.
Соедай-ақ, жұмысшылар базада ешқандай жағдай жасалмағанына да қапалы.
“Базасында жағдай жасалмаған. Шатыры жоқ. Тозып тұр. Техникалардың бәрі далада тұрады. Мусоровоз айдаймын. Қазір ремонтты күтіп тұрмын. Осылай тұрғаныма бір ай болды. Бізге қосалқы бөлшектерді уақыты әкелмейді”, – дейді Жайдар Қайырбеков.
Жыларман жағдайын айтқан жұмысшыларға басшылық мекеменің одан бетер бар мәселесін айтып шер тарқатты. Айтуынша, соңғы төрт жылда жұмысшыларға жалақыдан ұсталатын әлеуметтік төлемнің бір тиыны да төленбеген. Мекеме қарызға белшесінен батқан. Тіпті есепшоты бұғатталып, бүгінде сот шешімімен оңалту жағдайында тұр. Осылайша бұрынғы басшылықтың былығын біртіндеп шешудеміз дейді.
“Жоспарымыз бойынша 3-ші кварталға дейін біз толық жабуымыз керек. Бірінші орында салық, әлеуметтік пакет дейді, зейнатақы аудару дейді, медициналық сақтандыру дейді соның бәрін береміз деп жоспарға кіргіздік. Қалалық қаржы бөлімімімен бекітіп алғанбыз”, – дейді «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС директоры Азамат Әбішов.
Ал құрал-сайман мәселесі бойынша мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес конкурс енді ойнатылыпты. Тура мағынасында екі қолға бір күрек таппаған жұмысшылар енді сәл шыдаса, бәрін бүтіндейміз деп сендірді.