Госорганы

2769 теңгеден басталады: Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарына қандай көмек көрсетіледі

2024 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 31 мамырға дейін 9 668 азаматқа біржолғы материалдық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қандай әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілетінін хабарлады.

Толығырақ

2003 жылдан бастап Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнаулы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 19,8 млрд теңге төленген. Биыл бұл мақсаттарға 2,7 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Заңнамаға сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандары мен оларға теңестірілген адамдарға 2003 жылдан бастап біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.

– 2003-2023 жылдар аралығында республикалық бюджеттен біржолғы ақшалай өтемақы 2,9 млрд теңге сомасына төленді. Өтемақы мөлшері 2 769 теңгеден (3/4 АЕК) 369 200 теңгеге (100 АЕК) дейін құрайды. 2024 жылға республикалық бюджетте аталған мақсаттарға 1,2 млрд теңге қарастырылған, — делінген хабарламада.

Ақталған азаматтардың, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдар:

  • қамауда ұстау, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеу, жер аудару, арнайы қоныста және психиатриялық мекемелерде бас бостандығын шектей отырып мәжбүрлі еңбекке тарту уақытын зейнетақы алу үшін – үш есе мөлшерде өтілге есепке жатқызуға қақылы;
  • өздеріне ыңғайлы уақытта кезекті еңбек демалысын алу, сондай-ақ жалақысы жылына екі аптаға дейінгі мерзімде сақталмайтын қосымша демалысқа шығуға;
  • телефондарды бірінші кезекте орнатуға;
  • қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастыру, оларда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұруға;
  • протездік-ортопедиялық бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз етілуге;
  • оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алуға қақылы.

2024 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 31 мамырға қарай 9 668 азаматқа 9 230 теңгеден 38 448 теңгеге дейін 223,8 млн теңге сомасында біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген болатын.

Ашаршылық жылдары Қазақстанда миллиондаған адам қырылды. Қуғын-сүргін жылдары 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сынды қайраткерлер мен ұлт зиялылары бар. Саяси құрбандар лагерьлерге жіберіліп отырды. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың әйелдері де Ақмола облысында орналасқан «АЛЖИР» лагерінде азапталды.

Другие новости

Back to top button