25 мың қызметкердің жалақысы өседі – Нұржан Нұржігітов

Су саласындағы 25 000 қызметкердің жалақысы орта есеппен 35-50% өседі. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалақы 35-50% өседі
Министрдің айтуынша қыркүйек айында «Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер күшіне енеді.
«Осы өзгерістерге сәйкес, су саласындағы 25 000 қызметкердің жалақысы орта есеппен 35-50% өседі», – деді Нұржан Нұржігітов.
279 адам тұрақты жұмысқа орналасты
Ол сондай-ақ жыл басынан бері «Қазсушардың» 279 маусымдық жұмысшысы тұрақты жұмыспен қамтылғанын атап өтті.
Жақын арада тағы 146 адам тұрақты жұмысқа қабылданады. Осылайша, кәсіпорындағы 425 маусымдық жұмысшының барлығы тұрақты жұмыспен қамтылады.
«Бұрын маусымдық жұмысшылар жылына 6-8 ай ғана жұмыс істейтін. Енді барлығы тұрақты жұмыспен қамтылады», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бұл жұмысшыларға жаңа міндеттер жүктеледі. Олар каналдар мен гидротехникалық құрылғыларды жөндеуге қатысады, су пайдаланушылармен жұмыс істейді, су тасқыны мен төтенше жағдайлар кезінде кезекшілік атқарады, сондай-ақ гидротехникалық нысандарды консервациялаумен айналысады.