2027 жылы республикалық және облыстық маңызы бар жолдар 100 пайыз интернетпен қамтамасыз етіледі — Бағдат Мусин
Бүгінде республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың тек 25 пайызы интернетпен қамтамасыз етілген
Қазақстандықтарды интернетпен қамтамасыз етуде 2027 жылға дейін бірқатар жаңашылдықтар болады. Мәселен, әлемде мыс кабелі мен 3G технологиясының ескіруіне байланысты бұл бағытқа өзгеріс енгізіледі.
«Мобильдік 4G технологияны 100 пайызға жеткізіп, ал оптика инфрақұрылымын 90 пайызға арттырамыз. Сондай-ақ, 2027 жылға дейін 5G технологиясын Астана, Алматы және Шымкенттегі үлесін 75 пайызға, ал облыс орталықтарында 60 пайызға көтереміз», — деді Бағдат Мусин Үкімет отырысындағы есеп беруі кезінде.
Бүгінде республикалық және басты облыстық маңызы бар жолдардың 86 пайызы ұялы байланыспен, 25 пайызы интернетпен қамтамасыз етілген. Министрдің сөзіне сенсек, 2027 жылға дейін осы жолдардың 100 пайызы интернетпен және ұялы байланыспен қамтылады.
Сонымен қатар, Цифрлық даму министрі өз баяндамасында «Әлеуметтік қорғау» бағыты аясында пилоттық режимде іске қосылған «Отбасының цифрлық картасы» жобасына да тоқталып өтті. Келесі жылы жоба өндірістік пайдалануға берілмек.
Тағы бір айта кетерлігі, цифрлық инфрақұрылым аясында азаматтарға және бизнеске мемлекеттік қызметтердің 100 пайызы қашықтан онлайн беріледі. Платформалық модельге көшу үшін «QazTech» отандық платформасын құру бойынша бұлттық технологияларға көшу кезеңі іске асырылады. Бүгінде eGovMobile қосымшасын 13 млн адам пайдаланып, 17 млн астам қызмет көрсетілген екен.