2025 жылы атаулы әлеуметтік көмек қандай отбасыларға беріледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек биыл қандай отбасыларға берілетінін хабардар етті, деп жазады Ulysmedia.kz.
БИЫЛ БЮДЖЕТТЕН ҚАНША АҚША БӨЛІНДІ
2025 жылы 1 ақпандағы жағдай бойынша 31,9 мың отбасындағы 169,1 мың адамға 2,3 млрд теңге сомасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2025 жылы осы мақсатқа бюджеттен 132,9 млрд теңге қарастырылған.
АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК НЕ ҮШІН БЕРІЛЕДІ
Министрліктің хабарлауынша, АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдау және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
- табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру.
- 2025 жылғы 1 ақпанда АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 52 мың балаға 305,1 млн теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
ӨТІНІШТІ ҚАЛАЙ БЕРУ КЕРЕК
Қазір қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы кедейлік шегі өңірлік медиандық табыстың 35% деңгейінде, бірақ өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінен 70% төмен емес деңгейде айқындалған.