ГлавноеГосорганы

2023 жылы жәрдемақы мөлшері қалай өзгереді

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды. Аталған заң жобасы аясында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күнкөріс шегі, ең төменгі зейнетақы, жалақы мен жәрдемақы мөлшері де өзгереді. Осы жөнінде толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

 

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заң аясында бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 1,5 жасқа дейін ұлғайту, базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көтеру, ортақ зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде табыстың ең жоғары шектелуін 46-АЕК-ден 55 АЕК-ге дейін арттыру, сақтандырылған адамдар үшін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін орташа айлық табыстың 45%-на дейін өсіру тұрғысында тұжырымдамалық түзетулер қамтылған. Заңға сәйкес, еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге болып бекітілді. Айлық есептік көрсеткіш (жәрдемақыларды және басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу, сондай-ақ салықтарды және басқа да төлемдерді қолдану үшін) 3 450 теңгені құрайды. Ең төменгі күнкөріс мөлшері 40 567 теңге болады.

 

 

Күнкөріс деңгейі – ең төменгі тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға бір айға қажеттi ең аз ақшалай кiрiс. Айта кетейік, ең төменгі күнкөріс деңгейі 2021 жылы – 34 302 теңге болса, 2022 жылы 36 018 теңгені құрады.

 

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында бала күтімі бойынша берілетін төлем мерзімін бір жарым жылға дейін ұзартуды тапсырған еді. Мұндай төлем бюджеттен ғана емес, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да төленеді. Оны алу үшін жалақыдан міндетті түрде тұрақты жарна аударылып тұруы қажет. 2023 жылдың қаңтарынан бастап осы төлем бір жарым жылға ұзартылады. 2022 жылы туған бала үшін төлем автоматты түрде жарты жылға созылады. Ал 1 қаңтардан кейін туған балаға бірден бір жарым жылға тағайындалады. Сонымен қоса, төлем алушы жұмысқа бір жарым жылдан ерте шыққан жағдайда әлеуметтік төлемнің мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде сақталады.

 

Бала туғанға дейінгі екі жылда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6 айдан аз уақыт қатысқан ата-ана жұмыс істемейтін адамдармен қатар республикалық бюджеттен төленетін бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алады. Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Яғни, кейінгі 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастау керек.

 

 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, бала тууға байланысты берілетін бір реттік жәрдемақының бекітілген мөлшері бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК немесе 131 100 теңгені құраса, төртінші және одан кейінгі балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңгені құрайды. Ал отбасыда егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, бір реттік мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.

 

 

Бала күтіміне байланысты сәби бір жарым жасқа толғанша ай сайын төленетін жәрдемақы мөлшері бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңгені құраса, екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге, үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге, төртінші және одан да кейінгі балаға – 8,9 АЕК немесе 30 705 теңгені құрайды

 

 

2023 жылы көпбалалы аналарға яғни төрт және одан да көп баласы бар отбасыға төленетін жәрдемақы мөлшері де артады. Мәселен, 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге, 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге, 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге, 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге, 8 балаға – 32 АЕК немесе 110 400 теңге төленеді. Ал сегіз баладан көп баласы бар отбасыларға одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК-тен (13 800 теңге) қосылады. Яғни, 9 балаға 36 АЕК (124 200 теңге), 16 балаға 64 АЕК (220 800 теңге).

 

Сонымен қоса «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған көпбалалы әйелдерге 2023 жылы ай сайын 6,4 АЕК немесе 22 080 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ал 2023 жылы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-анаға, қамқоршыға төленетін жәрдемақы мөлшері 56 794 теңге болып бекітілді. Айта кетейік, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап АЕК-тің екі мөлшері қолданылып жүр. Алғашқысы жәрдемақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерді (3 180 теңге) төлеуге пайдаланылса, екіншісі – айыппұлдар мен салық және басқа да төлемдер үшін қолданылады (3 063 теңге).

 

Другие новости

Back to top button