«20 млн жалақының» жыры: ҚФФ Асхат Тағыбергенді қолдады

Қазақстанның футбол федерациясы Асхат Тағыбергенді қолдап, жазба жариялады, деп хабарлайды Ulyssport.
Жазба Instagram-да жарияланды. Видеода Асхат Тағыбергеннің Дания қақпасына гол соққан сәті көрсетілген.
— Капитанымыздың Дания қақпасына соққан шедеврін ешқашан ұмытпаймыз, делінген жазбада.
ШЫМКЕНТ ӘКІМІ НЕ ДЕДІ
Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков Асхат Тағыбергеннің 20 млн теңге жалақы алатынын, алайда соған лайықты ойнай алмайтынын айтқан болатын. Артынша әкімнің бұл мәлімдемесі қоғамда қызу талқыға түсті.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бұған дейін шымкенттік «Ордабасының» капитаны Асхат Тағыбергеннің әйелі Махаббат Тағыберген Шымкент әкіміне жауап берген болатын. Махаббат Тағыберген күйеуін мақтан тұтатынын айтты.
— Әйелі ретінде мен Асхаттың футболға қосқан үлесімен және әділ ойнап, бар күшін салатын қағидаларымен мақтанамын. Ешкіммен айтысып, салғыласпаймын, бірақ әділетсіздікке үнсіз қалу да дұрыс емес. Әр жанкүйерді құрметтеймін, бірақ бір маусыммен ғана баға бермей, жақсы сәттерді ұмытпайық. Қолдауларыныз үшін алғысым шексіз!, дейді спортшының әйелі.
Сонымен қатар Махаббат Тағыберген жалақыға қатысты сөз жалған екенін тұспалдағандай болды.
— Жақында маңызды ойын. Асхатқа қазір айтылып жатқан жалған ақпараттың оңайға тимейтіні анық. Неге кері тартамыз? Өкінішті, дейді Махаббат.