Выбор редакцииСпорт

16 наурызда #АуылФутболAWARDS үздіктерін марапаттау рәсімі өтеді

2024 жылдың 16 наурызында #АуылФутбол жобасында соңғы 4 жылдағы басты оқиғалардың бірі — #АуылФутболAWARDS үздіктерін марапаттау рәсімі өтеді. Шараның бас демеушісі – «Халық» қайырымдылық қоры.

#АуылФутбол премиясы ауылдағы футбол ойнауға ынталы, талантты балаларды қолдауға, футболды спорт түрі ретінде кеңінен насихаттауға, сондай-ақ балалардың футбол ойнауға құлшынысын арттыруға бағытталған.

#АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбетовтің айтуынша «Халық» қайырымдылық қорының демеушілігінің арқасында ұйымдастырылып жатқан бұл шара ауқымды, жылдың айтулы оқиғаларының бірі болмақ.

«Үздіктерді анықтауға арналған осындай шараны көптен бері армандаған едік. #АуылФутбол жобасы аясында өнер көрсетіп келе жатқан командалардың басым бөлігі 4 жылдың ішінде айтарлықтай жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Жаттықтырушылар кәсіби толысты, тәжірибе жинады. Облыс орталықтары мен ірі қалалардағы мықты командалармен ауылдан шыққан футбол командалаларының тең дәрежеде ойын өрнегін көрсете алатынын дәлелдеді. Бұқаралық сипатқа ие осы спорт түрін насихаттауда да маңызды рөл атқарып келеді. Әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдалануды үйренді. Ата-аналар да жаттықтырушыларға көбірек қолдау көрсете бастады. Қамқор демеушілер мен меценаттар қатары артып, бүгінде бірқатар клубтардың менеджерлері тағайындалды. Сонымен қатар, турнирлерімізге біліктілігі жоғары, әділ төрешілерді шақыра бастадық. Осының бәрі бізді #АуылФутбол жобасы аясында үздіктерді марапаттауға жігерлендіріп отыр. Біздің ұсынысымызды бас демеушіміз «Халық» қайырымдылық қоры қолдады. Қор құрылтайшысы Құлыбаев Тимур Асқарұлына алғысымыз шексіз», — дейді Серік Мәмбетов.

#AuylFootballAWARDS 11 номинация бойынша өтеді:

Әлеуметтік желілердегі ең жақсы парақша

Үздік филантроп

Үздік клуб менеджері

Үздік төреші

Үздік жаттықтырушы

Үздік команда

Үздік қақпашы

Үздік қорғаушы

Үздік жартылай қорғаушы

Үздік шабуылшы

Жылдың үздік футболшысы – #АуылФутболдың «АЛТЫН ДОП» иегері.

«Әр бала сахнаға шығып үздіктердің марапатын алғысы келеді – бұл спортпен, футболмен айналысуға тамаша мотивация емес пе?! Осындай шаралар арқылы біз балаларды ғана емес, олардың ата-анасын, жаттықтырушыларын ынталандырамыз, жігерлендіреміз. Жасалып жатқан жұмыстың нәтижесін көру демеушілер үшін де мәртебе», — деді жоба жетекшісі.

Жеңімпаздарды «Арман ауыл» қорының Қамқоршылық кеңесі анықтайды.

16 наурызда өтетін қорытынды шарада кешке арнайы шақырылған атақты футболшылар, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен танымал журналистер үздіктерді «Халық» қайырымдылық қорының статуэткаларымен, дипломдары және ақшалай сыйлығымен марапаттайды.

«Футболда үздіктердің қалай марапатталатынын жобаға қатысушы балалардың басым бөлігі осыған дейін телеарна, әлеуметтік желілер арқылы шетелдіктердің тәжірибесінен көріп келді десем қателеспейтін шығармын. Елді аузына қарататын алтын доп иегерлерін анықтау шарасының өзі неге тұрады?! Енді #АуылФутболдықтардың өз үздіктерінің тарихы басталмақ. Осынау маңызды шараның басы-қасында болып, қолдау білдіру мүмкіндігі берілгені үшін қуаныштымыз», — деді «Халық» қайырымдылық қорының Алматы облыстық филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

#АуылФутбол жобасы туралы ақпарат

#АуылФутбол жобасы 2020 жылы іске қосылды. Идея авторы журналист және қоғам қайраткері Серік Мәмбетов. Жобаның негізгі мақсаты ауылдағы балалар футболын қолдау. Оның қызметі барысында 100-ден астам команда қаржылай қолдауға ие болды, екі ауылда алаң салынып, жаттықтырушылар үшін ондаған семинар-тренингтер өткізілді.

2023 жылдың қараша айында #АуылФутбол жобасы «Халық» қайырымдылық қорымен бірге ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Меморандум аясында футболға икемі бар 3000 жасқа қолдау  көрсету көзделуде. Оның ішінде еліміз бойынша 100 ауылдық балалар футбол командасы қажет форма мен құрал-жабдықпен қамтылып, 100 ауыл жаттықтырушысының УЕФА-ның D санаты бойынша біліктілігі көтеріледі. 3 команда арнайы кәсіби оқу-жаттығу жиынынан өтеді. Барлық өңірлердің қатысуымен «Halyk Open Cup — 2024» турнирі ұйымдастырылады.

Осы уақыт ішінде 90-ға жуық ауыл командасы «Халық» қорынан жаңа доптар, формалар мен жаттығу жабдықтарын алды, УЕФА бағдарламасы бойынша D санатына 60 жаттықтырушы оқытылды.

Ерекше атап өту керек, осы уақытқа дейін «Халық» қайырымдылық қоры Тимур және Динара Құлыбаевтардың қолдауымен еліміздегі білім, денсаулық, спорт, әлеуметтік салалардағы 120-дан астам жобаға 50 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады.

Өтетін орны: Молл Апорт EAST

Басталуы: 14.00

Телефон арқылы аккредиттеу: 8747 263 58 84 Мадина

Другие новости

Back to top button