Госорганы

14,4 млрд теңге қарыз: алименттен жалтарған 7 мыңға жуық борышкер жазаланды

Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли министрлікте өткен брифингте алимент төлемейтіндер жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«2023 жылдың 12 айында өндірісте 12 трлн 138 млрд теңге сомаға 9,1 млн атқарушылық өндіріс болды. Оның 54% немесе 4,9 млн аяқталды (сомасы 3 трлн 764,9 млрд теңге). Аяқталған атқарушылық өндірістердің 3,1 млн немесе 63%-ы орындалды (418 млрд 223 млн теңге сомаға). Сонымен қатар аталған көлемнің 326 мыңнан астамы немесе өндірістердің 4%-ы алимент өндіріп алу жөніндегі құжаттар құрайды», — деді ол.

Сондай-ақ ресми өкілдің айтуынша, берешектің 53%-ы мүлдем өтелмеген.

«Орындаудағы өндірістердің 5% немесе 16 197 өндіріс күрделі. Яғни, 7 545 құжат бойынша немесе 47%-ының берешегі 3 айдан асады және ішінара 6,2 млрд теңге өтелді. Ал 8 652 құжат бойынша немесе берешектің 53%-ы мүлдем өтелмейді. Оның сомасы – 14,4 млрд теңге. Талдау көрсеткендей, алимент төлемеуге борышкерлерде ресми жұмыс орнының болмауы, табысының жоқтығы және өндіріп алуға болатын мүлкінің жоқтығы себеп болып отыр», — деді Талғат Уәли.

Оның айтуынша, жекелеген борышкерлер нақты материалдық мүмкіндіктері бола тұра, балаларын асыраудан әдейі жалтарады немесе өз мүлкін жасырады.

«2023 жылдың 12 айында алимент төлемдері бойынша сот актілерін орындамағаны үшін 6 733 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін ішкі істер органдарына 1 670 ұсыныс жолданды. Оның 293-і сотқа жіберілді.  537-сі оңалту негіздері бойынша тоқтатылды, 88 істі ақталмайтын негіздер бойынша тоқтату туралы шешім қабылданды. Жалпы, 14 755 борышкерге қатысты елден шығуға уақытша тыйым салынды», — деді ол.

Уәлидің айтуынша, алимент өндіріп алу туралы барлық проблемалық атқарушылық істер бойынша сот орындаушылары мәжбүрлеу сипатындағы шараларды қабылдайды.

«Кейбір жағдайларда борышкердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауына байланысты алимент өндіріп алу қиынға соғуда», — деді ол.

Другие новости

Back to top button