«12 жастағы баланы скотчпен байлап тастаған»: СҚО-да қарақшылық жасаған күдіктілер ұсталды
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Тайынша ауданының тұрғыны мен оның жиеніне қарақшылық жасаған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Polisia.kz порталының жазуынша, қылмыс 9 тамызға қараған түні болған. Белгісіз адамдар 41 жастағы ауыл тұрғынының үйіне кіріп, оны және 12 жастағы жиенін скотчпен байлап, үйдегі бар ақшаны, екі телефонды және алтын бұйымдарды қолды қылған. Келтірілген залал сомасы алдын ала есептеу бойынша шамамен 640 мың теңгені құрады.
Шабуыл жасағандар үйден шығып кеткеннен кейін бала қолындағы скотчты тістеп шешкен. Кейін алыс емес жерде орналасқан учаскелік полиция инспекторының үйіне барып, болған жағдай туралы хабарлаған.
Жасалған қылмыс туралы хабарлама аудандық полиция бөліміне сағат 23:40-та келіп түсті. Полицияның барлық күші дереу күдіктілерді іздеуге жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары есепте тұрған адамдарды тексеріп, ауылға келген адамдар мен бөтен көліктер туралы ақпарат жинай бастады.
Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола облысының 30 бен 38 жас аралығындағы төрт күдікті тұрғыны анықталды. Тайынша ауданының полиция бөлімі және криминалдық полиция басқармасының жедел қызметкерлері оларды Астана қаласының аумағында ұстады. Қазіргі уақытта үш айыпталушы қамауға алынды. Ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленіп, тонау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабының санкциясына сәйкес адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, тұрғын жайға заңсыз енумен жасалған қарақшылық 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.