ГлавноеГосорганы

110 мың теңгеге дейін айыппұл: автобанда жылдамдықты асырғандарды қандай жаза күтіп тұр

Елімізде қала сыртындағы автобандарда да жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жаза барын бірі білсе, бірі білмейді. Өкінішке қарай, адам өліміне әкеп соғатын қайғылы жол апаттарының дені дәл осы трассаларда болады. Ал жылдамдыққа жаны құмар жүргізушілерді тіркейтін бейнекамералар санаулы. Azattyq Rýhyтілшісі тас жолдарда қанша камера барын және талапқа бағынбайтындарға салынатын айыппұлдың мөлшерін анықтады.

Әр трассаның өз жылдамдығы бар

Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігі үшін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында рұқсат етілген жылдамдық шегі бекітілген. Мәселен І-а санатына жататын Астана-Павлодар, Астана-Щучинск, Астана-Теміртау, Алматы-Қонаев автобандарында 140 км/сағ жүруге болады.

І-б санатына 110 км/сағ рұқсат етілген. Бұған Алматы-Қорғас, Шымкент – Өзбекстан шекарасы, Қонаев-Талдықорған, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Тараз, Тараз-Қайнар, Щучинск-Көкшетау жолдары жатады.

Ал ІІ санатқа кіретін Павлодар-Семей-Қалбатау, Көкшетау-Петропавл, Павлодар-РФ шекарасы (Омбы бағыты), Орал-РФ шекарасы (Самара бағыты), Орал-РФ шекарасы (Саратов бағыты), Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы трассаларында жылдамдықты 100 км/сағ-тан асыруға тыйым салынған.

Ал күні кеше «Астана-Теміртау» автомобиль жолындағы жылдамдық режимі өзгертілді. Енді осы жолдың 1305-1327 шақырымы аралығында, яғни Бабатай кентінен Аршалы кентіне дейінгі учаскеде 140 км/сағ жылдамдықпен жүруге болады. Алайда ақылы жолдың Аршалы кенті учаскесі жанындағы 4 шақырымдық көлік айрығында жылдамдық шектеуі 120 км/сағ құрайды.

Бейнекамера қай жолдарда орнатылған

«ҚазАвтоЖол» компаниясының ақпаратына сүйенсек, ақылы жолдардағы барлық бақылау аркасында көліктерді тіркейтін бейнекамералар бар. Әр аркада бірнеше камера орнатылған.

«Республика бойынша барлығы 42 бақылау аркасында 149 камера бар. Болашақта біз олардың санын көбейтеміз. Қазір өкілетті органдар бұл мәселені қарастырып жатыр. Нақты мерзімі әзірге белгісіз», — деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол» мамандары.

42 бақылау аркасы орнатылған ақылы жолдар:

  • «Шымкент – Қызылорда» (450 км) – 9;
  • «Шымкент – Өзбекстан шекарасы» (98 км) – 3;
  • «Шымкент – Тараз» (180 км) – 5;
  • «Тараз – Қайнар» (248 км) – 5;
  • «Қонаев – Талдықорган» (178 км) – 4;
  • «Астана – Павлодар» (437 км) – 7;
  • Астана – Теміртау – 5;
  • Астана-Щучинск – 4.

Осы трассаларда жылдамдықты өлшейтін «Zerek-2» бағдарламалық кешені жұмыс істеп тұр. Көлік иелері жылдамдықты сәл асырса, бейнебақылау кешені айыппұл есептейді. Кешен автокөліктің мемлекеттік нөмірін, жылдамдығын, жолағы мен көлік класын автоматты түрде анықтайды.

Айыппұл мөлшері қандай

Қала сыртындағы тас жолдарда қатты жүргендерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 592-бабы, яғни, «белгiленген жүру жылдамдығын арттыру» бойынша айыппұл салынады.

Рұқсат етілген жылдамдықты 10 км/сағ-тан 20 км/сағ дейін арттырса 5 АЕК немесе 2024 жылы 18 460 теңге, 20 км/сағ-тан 40 км/сағ дейін – 10 АЕК не 36 920 теңге, ал 40 км/сағ және одан көп – 20 АЕК не 73 840 теңге айыппұл арқалайды.

Егер бір жыл ішінде қайталанса 30 АЕК, яғни 110 760 теңге төлеуге тура келеді.

Ақылы жолдың ақысын төлемегендерге де айыппұл салынады

Айтпақшы, ақылы автожолмен жүргені үшін төлем жасамаған жүргізушілер де әкімшілік жауапқа тартылады.

Ақылы жолдың ақысын күнтізбелік 7 күн ішінде төлеу қажет. Әйтпесе 8-ші күні «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 628-бабына сәйкес айыппұл есептеледі.

Азаматтар үшін айыппұл мөлшері – 5 АЕК не18 460 теңге, ал заңды тұлғалар үшін – 10 АЕК не 36 920 теңге.

Жүргізушілерге ыңғайлы болу үшін төлем жасаудың 20-дан астам әдісі қарастырылған.

Другие новости

Back to top button