Главное

1 қыркүйектен бастап студенттердің стипендиясы қаншалықты өсетіні белгілі болды

Биыл жаңа оқу жылынан бастап студенттердің стипендиясы өседі. Бұл туралы ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Стипендия қаншаға өседі

«Биыл 1 қыркүйектен бастап білім алушылардың стипендиясы көтеріледі. Бакалавриат үшін стипендия мөлшері 52 372 теңге, магистратура 117 098 теңге және докторанттар үшін 262 500 теңге болады. Яғни, осы жылы бакалавриат деңгейінде стипендия мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге, ал магистратура мен докторантура деңгейінде 1,75 есеге артады», — деді Ешенқұлов Үкімет отырысында.

Вице-министрдің ақпаратынша, соңғы бес жылда Қазақстанда гранттар саны 1,4 есеге өсті. 2024-2025 оқу жылына 93 116 грант бөлінген: бакалавриат – 77 084, магистратура – 13 113, докторантура – 2 919.

Жатақханалар жеткілікті ме

Ешенқұлов инфрақұрылымдық жобалар бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазір жатақханалардағы орын тапшылығы 2019 жылы 82 500-ден 2024 жылы 14 873-ке дейін азайды. Осы ретте, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жатақханалардан орын беру жөніндегі мемлекеттік қызмет проактивті формат бойынша ұсынылады», — деді ол.

Другие новости

Back to top button