Госорганы

1 млрд теңге кем түсіп отыр: Сенатор Арал өңірі медицинасын қаржыландыруға қатысты

Сенатор Ақмарал Әлназарова депутаттық сауалында Арал ауданындағы медициналық ұйымдарды қаржыландыру жеткіліксіз екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Депутат заңға сәйкес, Үкімет экологиялық апат аймағының тұрғындарына медициналық мекемелерді ұстауға қаражат бөлу нормаларын ұлғайтуға кепілдік беруге міндетті екенін атап өтті. Экологиялық апат аймағында бұл көрсеткіш 1,5 есе, ал экологиялық дағдарыс аймағындағы бір тұрғынға 1,3 есе жоғары болуы керек. Алайда, Қызылорда облысының тұрғындарына медициналық қызметке ақы төлеу тарифтерінде бұл бап қолданылмаған. Соңғы уақытқа дейін облыс бойынша орташа экологиялық коэффициент 1,3 болса, белгісіз себептермен 2022 жылдың 5 желтоқсанында төмендетілді.

«Мәселен, Арал ауданы бойынша 2023 жылға бекітілген қаржыландыру көлеміндегі еңбекақы қорының көлемі 3,4 млрд теңгені, оның ішінде экологиялық коэффициент бойынша үстемеақы 990 млн теңгені құраса, тарифпен экологиялық коэффициентке берілген қаражат көлемі 666 млн теңгені ғана құрады. Яғни, бір ауданға есептелмей кеткен экологиялық коэффициенттің орташа айырмасы 30-35 пайыз аралығында. Нәтижесінде жалпы аталған аудандар бюджетіне 1 млрд теңге сомасында қаражат кем түсіп отыр», — деді А.Әлназарова Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновтың атына жолдаған сауалында

Осыған байланысты сенатор министрліктің тиісті бұйрығында экологиялық факторларды қайта қарауды, сондай-ақ аталған медициналық ұйымдарға қаржының пайдаланылмаған сомасын қайтару мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Другие новости

Back to top button