
2026 жылғы қазан айында қызықты қайшылық байқалды. Экспорттың оң динамикасы мен сауда балансының айтарлықтай профицитіне қарамастан, теңге долларға шаққанда шамамен 3%-ға әлсіреді. Сонымен қатар Қазақстан қор биржасындағы (KASE) валюта саудасының көлемі қысқарып, валюта ұсынысы мен сұранысының құрылымы айтарлықтай өзгерді. Бұл бағамды болжаудың қалыптасқан тәсілін қайта қарауға негіз болады.
Экспорт өсіп, теңге әлсіреуде: мұның қайшылығы неде?
2026 жылғы қаңтар-тамыз аралығында Қазақстанның тауар экспорты 19,5%-ға өсіп, 60,4 млрд АҚШ долларына жетті. Сауда балансының оң сальдосы 82,2%-ға ұлғайып, 17,8 млрд АҚШ долларын құрады. Тоғыз айдағы экспорттың алдын ала бағаланған көлемі 73,6 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,1%-ға жоғары.
Бір қарағанда, мұндай динамика теңгеге тұрақты қолдау көрсетуге тиіс. Экспорттың өсуі валюталық түсімдердің артуын білдіреді, ал сауда балансының оң сальдосы экспорттан түсетін кірістің импорт шығындарынан асып түсетінін көрсетеді. Алайда бұл жерде елдің валюталық түсімі мен ішкі нарықтағы доллар ұсынысы бір нәрсе емес екенін түсіну маңызды.
Экспорттаушы шетел валютасымен түсім алуы мүмкін, бірақ оны ішкі нарықта бірден сатуға міндетті емес. Қаражаттың бір бөлігі импорттық жабдықтардың ақысын төлеуге, сыртқы міндеттемелерге қызмет көрсетуге, компаниялардың валюталық резервтерін жинақтауға немесе шетелдік шоттарға орналастыруға жұмсалады. Нәтижесінде сауда балансының оң сальдосы KASE-дегі доллар ұсынысының соған сәйкес пропорционалды түрде артуына кепілдік бермейді.
Сонымен қатар мұнай нарығында жоғары құбылмалылық байқалады. Мұнай жеткізілімінің үзілу қаупіне байланысты бағасы өскен жағдайда, көлік, сақтандыру және логистика шығындары да артуы мүмкін. Экспорттық бағыттарға қойылуы ықтимал шектеулер мұнай бағасының жоғарылауынан болатын оң әсерді жоққа шығаруы мүмкін. Мұнай нарығындағы ахуалдың нақты әсері үш фактордың үйлесіміне байланысты: сату бағасы, экспорттың нақты көлемі және валюталық түсімнің іс жүзінде келіп түсуі.
Міне, парадокс осында: Brent маркалы мұнай бағасының барреліне 80 АҚШ долларына дейін төмендеуі теңге үшін барреліне 100 АҚШ доллары болған жағдайдағы физикалық жеткізілім көлемінің уақытша қысқаруына қарағанда азырақ теріс әсер етуі мүмкін.
Валюта нарығына қысым түсіретін жасырын факторлар
Теңгенің тұрақтылығын бағалау кезінде кемінде үш факторды ескеру қажет. Біріншісі. Ұлттық қордан валютаны сату ішкі нарықтағы доллар ұсынысын арттырып, теңгені қолдайды. Мұндай операциялар доллар ұсынысының уақытша тапшылығының орнын толтыра алады. Алайда олар экспорттық түсімнің азаюын шексіз уақыт бойы алмастыра алмайды. Егер осы уақытта сыртқы сауда жағдайы нашарлап, импортқа сұраныс артып, жеке капиталдың келуі қысқарса, мемлекеттік валюталық тетіктерге түсетін жүктеме күшейеді. Сондықтан Ұлттық қорда валюталық ресурстардың болуы – маңызды тұрақтандырушы фактор, бірақ валюта бағамының өзгеріссіз қалуына кепілдік бермейді.
Екіншісі – БЖЗҚ-ның валюталық операциялары. Қазан айында зейнетақы активтерінің валюталық үлесін қамтамасыз ету мақсатында валюта сатып алу көлемі алдыңғы айдағы 986 млн АҚШ долларымен салыстырғанда 568 млн АҚШ долларын құрады. Жыл басынан бері мұндай сатып алулардың жиынтық көлемі 4,1 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл операциялар долларға деген алыпсатарлық сұранысты білдірмейді. Олар зейнетақы активтерін басқаруға байланысты жүзеге асырылады. Алайда олардың ішкі валюта нарығына әсері айтарлықтай.
Үшіншісі – шетелдік инвесторлар. Қазан айында резидент еместердің иелігіндегі Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарының портфелі теңгелік қаржы құралдарының жоғары кірістілігінің арқасында 261 млн АҚШ долларына ұлғайды. Қазақстан мен шет елдердегі пайыздық мөлшерлемелер арасындағы айырмашылық тартымды болып қала берген жағдайда, carry trade операциялары қосымша валюта ағынын қамтамасыз ете алады. Алайда мұндай капиталдың бір ерекшелігі бар: ол өз бағытын тез өзгертуі мүмкін.
Теңге бағамына әсер ететін және ықпалы күшейіп келе жатқан факторлар
| Факторлардың үйлесімі | Нарықтағы жағдай | Ықтимал салдары
|
| Мұнай бағасының жоғары болуы +
экспорттың тұрақтылығы + капиталдың келуі |
Валюта ұсынысы артады
|
Теңгенің нығаюы
|
| Мұнай бағасының төмен болуы +
жеткізілімдердің тұрақтылығы + Ұлттық қордан валютаны сату |
Мемлекет сыртқы қысымның бір бөлігін өтейді
|
Салыстырмалы тұрақтылық
|
| Мұнай бағасының төмен болуы +
экспорттың қысқаруы + импорттың өсуі |
Валюта ұсынысы азайып, сұраныс артады
|
Теңгенің әлсіреуі
|
| Жоғары базалық мөлшерлеме +
резидент еместердің капиталды әкетуі |
Пайыздық тартымдылық валюталық тәуекелдің орнын толтырмайды | Теңгеге қысым
|
| Мұнай бағасының жоғары болуы + КТК жұмысының іркілістері
|
Әлемдік бағалардың жоғары болуы экспорттық түсімнің артуына алып келмейді | Теңгенің әлсіреуі |
| Brent бағасының төмендеуі + капиталдың әкетілуі + валютаны сатудың қысқаруы | Қолдаудың үш көзі бір мезгілде әлсірейді | Девальвация тәуекелінің жоғары болуы |
2027 жылғы қаңтардың соңына дейін теңге бағамына қатысты үш сценарий
2026 жылғы қараша – 2027 жылғы қаңтар аралығындағы кезеңге үш негізгі сценарийді бөліп көрсетуге болады.
Базалық сценарий
Қаңтардың соңына қарай күтілетін бағам дәлізі – бір доллар үшін 455–475 теңге. Brent маркалы мұнай бағасы негізінен 85–100 доллар аралығында сақталады, Қазақстан экспортына қатысты елеулі іркілістер болмайды, ал мемлекеттің валюта сатуы нарықтағы ауытқуларды бәсеңдетуді жалғастырады деп болжанады.
Теріс сценарий
Ықтимал бағам дәлізі – бір доллар үшін 475–500 теңге. Бұл сценарийдің жүзеге асуы үшін бірнеше фактордың қатар орын алуы қажет: Brent маркалы мұнай бағасының 70–80 долларға дейін төмендеп, төмен деңгейде сақталуы, экспорттан түсетін валюталық түсімнің қысқаруы, теңгемен номиналданған активтердің тартымдылығының төмендеуі және шетелдік инвесторлардың бір бөлігінің мемлекеттік бағалы қағаздардан (МҚБ) шығуы.
Стресс-сценарий
Ықтимал бағам дәлізі – бір доллар үшін 500–520 теңге. Бұл сценарий экспорттық инфрақұрылымдағы елеулі іркілістерді немесе мұнай бағасының күрт төмендеуін, портфельдік капиталдың айтарлықтай әкетілуін, валютаға сұраныстың өсуін және мемлекеттің өтемдік валюта сатуының жеткіліксіз болуын көздейді.
Біздің қорытындымыз. Теңге тұрақтылығының шегі мұнай бағасының бір ғана көрсеткішімен емес, экономиканың мемлекеттік валюта сатылымына және базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейіне тұрақты түрде тәуелділікті арттырмай, валюта ағындарының теңгерімін қамтамасыз ету қабілетімен айқындалады. Валюталық тәуекелдің басты көзі ретінде Brent бағасының өздігінен төмендеуін емес, дәл осы факторлардың үйлесімін қарастырған жөн


